Атыраулық азамат дейтінім Рахмет Өтесінұлы 1927 жылдың 15-қаңтарында Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Қарабау ауылында Өтесін Жайлыбайұлы мен Дәмелі Айтмағамбетованың отбасында дүниеге келді. Онжылдықты Доссор кентінде аяқтап, кез-келген талапкердің қолы жете бермейтін атақты Губкин атындағы мұнай-газ саласы мамандарын даярлайтын институтқа оқуға түсті.
Елуінші жылдар басында Мәскеудегі мұнай институтын бітірген кәсіби маман еңбек жолын Ембі мұнай кәсіпшілігінде шеберліктен бастап, лауазымдық дәрежесі сатылай өсіп, цех бастығы, бас инженер, директоры қызметін атқарды. Кейін Жылыой аудандық партия комитетінің І хатшысы, Атырау облыстық партия комитетінің өндіріс-көлік бөлімінің меңгерушісі, Қандыағаш аймақтық өндірістік партия комитетінің хатшысы болды.
Өзенді алғаш көруін Рахаң «Алыптың арнасы» деректі әңгімесінде былай баяндайды: «Мынау Өзен!» - дегенге төмен қарасақ, қою шаң арасынан оншақты құрастырмалы ағаш үйлердің төбесі көрінеді. Тағы да біраз үйді ағаш қалқандардан құрастырып, қалап жатқан болуы керек, әлі де төбесі жабылмаған, айналасында үйіліп жатқан құрылыс материалдары, жыбырлаған адам...»
1962 жылдың наурыз айында облыстық партия комитетінің өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі Р.Өтесінұлы үкімет тапсырмасымен келген беделді басшыларды өндірісті өңірмен таныстыру мақсатында жаңадан ашылып жатқан Өзенге ұшақпен жеткен еді. Көп ұзамай, «Өзен мұнай» өндіру басқармасы басшысы қызметіне тағайындалып, қаланың іргетасын құюды бастап кетті. Міне, сөйтіп, Рахаң маңғыстаулық мұнайшы болып шыға келді!
Өзен маңында оның есімін білмейтін адам аз шығар. Менің ол есіммен таныстығым бала кезімде, апамның әңгімесінен бастау алды. Әкеміз Сауысқан суын қалаға тарту жұмысы барысында Рахаңмен іскерлік байланыста болып, бір-екі рет жұмыс бабымен үйімізге қонып кетулі. Әңгіме арасында: «Рахмет жігіттің төресі еді ғой» деп еске алып отыратын апамның өзінің қолынан шай ішіп, дәм татқан басшыны білуі заңды.
Өзімнің тырнақалды өлеңімнің бірі осы аңыз тұлғаға арналды. Алғаш 1997 жылы қаңтар айының 28-і күні «Мұнайшы» мәдениет үйінде жүздестім. Жазушының 70 жасына орай өткен халықпен кездесуін қазіргі ҚР Жазушылар Одағының төрағасы Мереке Құлкенов жүргізіп отырды. Осы кештен алған әсермен «Кіндік әке» деген өлең жаздым.
Рахаң Құдай тағаланың рахымы түскен, нышанды жанның бірі болатын. Күрделі тағдыр иесі 84 жыл ғұмыр кешті. Оның 42 жылында халық алдындағы азаматтық міндетін тік жүріп өтесе, соңғы 42 жылды қолына қалам алып, жазушылық қиын кәсіппен жалғастырды. Бәлкім, дені сау болса, бұрынғыша басшылық қызметін атқарып жүре берер ме еді, бірақ тағдыр оны тапжылмай отырып жазу үшін қоларбаға таңды. «42 жыл адал еңбек еттің, енді көрген-білгеніңді жаз!» деген секілді.
Адамның жер бетіне сапары белгілі бір міндет-миссиямен байланысты болса, жазу міндеті – жоғарының тапсырысы екенінде күмән жоқ. Шын жазушы – тағдырлы адам. Тағдырсыз – жазу тартымсыз. «Рөл таңдап қайтесің, Режиссерің бір – Алла...» деп өзі айтқандай, қайнаған еңбек майданында қолбасшы рөлі бұйырған Рахаңның өмірі жазу үшін таптырмас тақырып болды. Кейіпкерлері – өзінің майдандас жолдастары...
Р.Өтесінұлы жаңаөзендік жазушы! Өйткені ол өзі тұрғызған мұнайлы қалада қолына қалам алып, мұнайшылар туралы «Алыптың ашылуы», «Алыстағы алау», «Айтылмаған ән» секілді повестері дүниеге келді. Ол кітаптар кезінде «Жалын» баспасынан жарық көрді. Сөйтіп өзі басқарған Өзеннің салынуы, балауызды мұнайды өндіру тарихын көркем хикаятқа айналдырды.
Ол деректі әңгіме, көркем хикаят, роман, өлеңдерінің тақырыбын, кейіпкерді алыстан іздемеген, шығармаға айналасындағы адамдар өмірін арқау еткен. Кілең сен тұр, мен атайын атпал азамат, озат жұмысшы, білікті басшы... Әрине, көптің арасында қыңыры, қуы, қылжақбасы да кездеседі.
Кейінірек «Айтылмаған ән» атауымен толығып, қайта шыққан роман кейіпкерлері Өзен өндірісін ашуға қатысты тұлғалар. Кенбай Майлыбаев, әкесі Далабай, әйелі Сәлима, Главкнің жауапты қызметкері Қара Қафароғлы Керімов, бірлестік басшысының бірі Дәулет пен әйелі мұнай зерттеуші маман Мәриям, Құлкен Сағынович, Шах-Аббас, құрылысшы Захаров пен Зайцев, Сергей, Кенже, Түлкібаев т.б кейіпкерлер – жазушының аралас-құралас болған түптұлғасынан сомдалған «тірі» образдар. Сондықтан олардың мінез-құлқында, романның тартысты оқиға желісінде нанымсыз эпизод кездеспейді. «Құрғақ хронологияға қарағанда көркем сипаттама оқиғаның егжей-тегжейін дәлірек көрсетеді» деп Аристотель ғұлама айтқандай, бұл кітап өндіріс пен қаланың қалыптасу кезеңінің көркем шежіресі. Өмірдің өзіндей шынайы, Өзеннің күніндей шырайлы.
Рахаң өзінің «Кең Жылой» кітабының жазылу идеясын «Мен көрген Жылой» өлеңінде:
Мен сені бір көргеннен ғашық болдым,
Айырылсам, оралуға асық болдым...
Желтаудың желді күні салған әні,
Ызыңдап құлағымда қалған әлі.
Күмбірлеп естілетін күйдің үні,
Даланың біле-білсең, о да сәні...
Таң ата жердің беті нұрға толар,
Қаңқылдап аққу, қаздар көлге қонар.
Мен жазған «Кең Жылойдың» тақырыбы,
Сондай бір сәттерінде туған болар,-дегеніндей, жастық шақтың жайсаң кезеңі қамтылған тілі жатық, оқиғасы тартысты көркем шығармадағы Жамбай Жанаев, Бимырза, Балым, Самат, Имаш, Күнзипа, Жібек, Сәлім, Мәрия Жақанова, Перулава, Байжан, Батыров т.б кейіпкерлердің түптұлғасы автормен тығыз қарым-қатынаста өмір сүргені көрініп тұрады.
Жазушының «Мұнарлы күндер» атты 1995 жылы «Өлке» баспасынан жарық көрген повесі зұлмат кезеңіндегі Атырау жеріндегі қарапайым жұмысшы адамдар өмірін суреттейді. Қармыс секілді еңбек адамының болмашы нәрсе үшін жазықсыз қамалып, отбасындағы қартайған әкесі Қалмырзаның қайғыдан ауру тауып, қайтыс болуы, баласы Бақыттың күйзеліске түсуі, әйелі Дәмештің бір ауылға бүйідей тиген Маймұрын сияқты залым тергеушіге кіріптар болудан бас тартып ұсталып кетуі, Бисеннің Аманғали бандымен кездесуі, Қойбағар Қарабаспақов секілді адал жұмысшының іс-әрекеті нанымды баяндалады.
Олардан басқа Дүмбай, Байжан, Сұлу мұрт, Тәнзила, Бисен Ғатауұлы, Мухин, Кузнецов, Киселев, Юдин, Қарақұл – Қадиша, парторг Ақкөзов, Сапар секілді кейіпкерлер арасында өрбитін шығарманың тілі шұрайлы, оқиғасы шымыр. Әрі тарих сорабынан ауытқымаған, шынайы дерекке құрылған хикаят.
«Жағадағы жалғыз үй», «Қонақ», «Қасіретті кездесу» әңгімелері де соғыстан бұрынғы сұрқай заманның жаңғырығындай мұнай кәсіпшілігі маңындағы елдің жырын сөз етеді.
2002, 2005 жылдары «Өлке» баспасынан жарық көрген «Жолдар және жолдастар», «Соңғы аялдама» жинағында автордың үзеңгілес аға-іні, жора-жолдастары туралы деректі әңгіме, өлең топтастырылған.
Қаламы жүрдек жазушы қара сөз бен өлеңді қатар тізгіндеді. Жасынан айналасына ақындық қабілетімен танылып, кейін құнттамай кеткен Р.Өтесінұлының талантын кейін көпшілік мойындады. Оның жыр кітабы «Су түбінде жатқан тас» 2001 жылы «Өлке» баспасынан жарық көрді.
«Сағым қуып келіп ек» өлеңінде:
Ойлағаным адалдық пен келісім,
Орыс, қазақ бәрі бауыр мен үшін.
Құмырсқадай жем жинаған ініне,
Тыным таппай еңбек еттім ел үшін.
Тірі жанға сәттерім жоқ еш жерде,
Обал жасап, зәбір берген бекерге.
Арым таза, аулақ жүрдім күнәдан,
Қиналмаймын бұл фәниден өтерде,-деп өзінің азаматтық бет-бейнесін ашық көрсетсе, «Бастау» өлеңінде:
Жаңа қала күннен-күнге гүлдеді,
Өнім үдеп, өндіріс те өрледі.
Жас та болса, «Өзенмұнай» кенорны,
Одақтағы жарыс алдын бермеді,-деп, оқырманға Өзеннің даңқты жолының алғашқы кезеңінен сыр шертеді.
«Арнау» өлеңі жазушының өмірлік жары, жан серігі Сақышқа арналған. С.Қарабалина Жаңаөзен қаласының оқу-ағарту саласына ұзақ жыл еңбек сіңірген білікті басшы, ардагер ұстаз, аяулы ана.
Қол ұстасып араладық ел ішін,
Қиырдағы талай мұнай кенішін.
Сөз арнасам артық болмас адамға,
Жарты жасын құрбан еткен мен үшін,-деген шумақта шындық көрінісі бар. Жазушы өміріндегі Сақыш Қабдрахманқызының орны өте жоғары. Сүйікті жарының қонағын күтіп, қас-қабағын баға жүріп, ұстаздық қызметінен қол үзбеген асыл жан қазақ әйелінің жарқын үлгісі деуге татырлық адам. Қазір 93 жаста, Астанадағы қарашаңырақта өмір сүріп жатыр.
Автордың «Ембі», «Барлаушылар», «Мұнайшылар» атты 3 бөлімнен тұратын көлемді дүниесі, қазақ мұнай барлау, өндіру саласының кейіпкерге айналған мақтаныштары туралы, яғни Жем, Маңғыстау мұнай тарихының өлеңмен жазылған шежіресі деуге татырлық - «Мұнай тегі» поэмасы. Онда жүзден аса тарихи тұлғаның аты аталады. Шығарма:
Өзендегі бірінші де үн қатты,
Ашық фонтан аспандады тым қатты.
Титықтаған жүздеріне күлкі ойнап,
Бұрғышылар арпалысты, түн қатты.
Мың тоғыз жүз алпыс бірдің жазына,
Газеттерде, эфирлердің сазына.
«Маңғыстауда мұнай шықты!» - деп жар салды,
Ақтарылды қара алтынды қазына,-деп аяқталады.
«Өмірбаян» атты поэмасында Маңғыстау туралы:
Аталарым талай келіп кеткен жер,
Әулиелер мәңгі қоныс еткен жер.
Қуғын көрген қысылған мен жұтаған,
Бәріне де паналыққа жеткен жер,-деп жазған автор, «Наз» өлеңінде өзі туралы:
Мен - сом болаттың сынығы,
Соққысынан тағдырдың,
Ұшып кеткен жыраққа,-деп тебіренеді. Сом болаттың сойынан болмаса, анадай ауыр сынға шыдар ма еді? Жаратушы қайсар тұлғаны сол қасиеті үшін даңқ тұғырына қондырып, атын аңызға айналдырған болар-ау?! Тағдырда тегін тарту жоқ, Рахаң бәріне адал еңбегімен ие болды.
«...Өзеннің ала шаңына салғаны – сенің тағдырың осы дегені шығар. Әйтпесе, мен де көп шенеуніктің бірі болып елеусіз қалар ма едім, кім білсін?!» деп өзі жазғандай, ол жазушылықты тарту есебінде қабылдады.
Оның шығармасында өз ортасы, өмір сүрген заманы өлеңмен кестеленіп, негізінен ғұмырбаяндық сипатта жазылған. Азаматтық ұстанымы берік, көргені көп, түйгені мол адамның тағылымы терең дүниелері десек, жаңылмаспыз.
«Адам баласы азаматтыққа, одан қайраткерлікке, ақыры санаткерлікке жету үшін ардан тууы керек те, арман қууы керек. Біздің Рахаң сондай адам» деп, академик З.Қабдолов айтқандай, Рахмет Өтесінұлы қазақ мұнай тарихы мен қазақ әдебиеті тарихында айқын қолтаңбасы бар көрнекті қаламгер.
Шын басшының аты ешқашан халық жадынан өшпейді, ол туралы ел аузында жүретін естеліктер ескірмейді. Ұлағатты ісі ұрпақтан-ұрпаққа ұлықталып, ғұмыр жасы естеліктермен жаңғырығып, ұзара береді. Бара-бара аты аңызға, бейнесі халықтың рухани батырына, әдеби қаһарманына айналады. Рахаң, сондай адам!
Жақында Жаңаөзеннің 55 жылдығы аясында қаланың негізін қалаушы, КСРО-ның құрметті мұнайшысы, «Өзен» мұнай кәсіпшілігі басқармасының тұңғыш басшысы, күрескер жазушыға ескерткіш қойылды.
Р.Өтесінұлының өмірі мен қызметі, шығармашылығына арналған «Өзегімді жарып шыққан Өзенім» тақырыбында ғылыми-танымдық конференция, жасөспірім ұл-қыздар арасында жүзуден облыстық турнир өтті.
Мұнайшы-жазушының аруағына Құран бағышталып, ас берілді. Ескеалу шарасына Рахаңның ұлдары мен келіндері, немерелері, шөберелері, аяулы жары Сақыш апа қатысып, отбасы атынан алғыс білдірді.
Үміт ЖӘЛЕКЕ